Павлодарлық жас скрипкашылар Дельфий ойындарынан жүлделі оралды
Олар Қазақстан намысын қорғап, екінші кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласындағы музыкалық колледж-музыкалық мектеп-интернаты оқушылары ТМД елдерінің алғашқы халықаралық балалар арасында Дельфий ойындарына қатысты. Бұл ауқымды мәдени шарада Қазақстан, Ресей, Түрікменстан, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да елдердің жас өнерпаздары өз таланттарын көрсетті.
Павлодарлық скрипкашылар тамаша нәтижемен екі жүлделі орынды иеленді. 4 «Б» сынып оқушысы Аделина Абильдинова ұстазы Анжела Аветисянның жетекшілігімен күміс медаль жеңіп алса, 7 «Б» сынып оқушысы Анель Данияр ұстазы Яна Касьянның жетекшілігімен қола медальға ие болды.
– Айрықша атап өтерлігі, біздің оқушылар Қазақстаннан екінші турға өткен жалғыз скрипкашылар болып, елге медальдармен оралды. Бұл жетістік – тек олардың ғана емес, ұстаздары мен мектебінің еңбегі. Біздің жас дарындар болашақта да талай биіктерді бағындырады деп сенеміз, – деді музыкалық колледж-музыкалық мектеп-интернаты кешенінің жетекшісі Серік Сыздықов.
Дельфий ойындары – өнер саласында жас дарындардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.