Павлодарлық жастар қандай кітаптарды көп оқиды?

Павлодарлық жастар қандай кітаптарды көп оқиды?
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Нон-фикшн мен бестселлерге сұраныс артқаны байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында соңғы жылдары оқырмандардың кітап таңдау талғамы өзгерген. Әсіресе, жастар арасында психология, өзін-өзі дамыту, қаржылық сауаттылық, бизнес және ғылыми-көпшілік тәрізді әдебиеттерге сұраныс артқан.

Кітапхана абонемент секторының жетекшісі Айнұр Қадированың айтуынша, нон-фикшнмен қатар фэнтези, детектив және новелла жанрлары да жастар арасында танымал.

– Қазіргі оқырман практикалық пайдасы бар кітаптарға көбірек қызығады. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде танымал болған авторлардың шығармалары жиі сұралады. Ал XIX–XX ғасырлардағы классикалық проза мен көлемді эпикалық шығармалар бұрынғыға қарағанда сирек оқылады. Оларды көбіне мектеп оқушылары мен студенттер оқу бағдарламасы аясында алады, – деді жетекші.

Айнұр Қадированың мәліметінше, соңғы үш айдағы үздік ондықтың шамамен 20-30 пайызы жаңарып отырады. 

– Дегенмен танымал нон-фикшн кітаптар мен әлемдік бестселлерлер тізімнің негізгі бөлігінде тұрақты қалады. Қазіргі кітаптар үздік ондықтың шамамен 60-70 пайызын құрайды. Олардың басым бөлігі соңғы 3-5 жылда жарық көрген шетелдік бестселлерлер мен қазақ тіліне аударылған шығармалар, – деді ол.

Оқырмандар арасында әлеуметтік желі мен медиада белсенді насихатталған кітаптарға қызығушылық жоғары. Мысалы, Atomic Habits, қарым-қатынас психологиясына арналған еңбектер жиі таңдалады. Ұлттық тарих пен бірегейлік тақырыбындағы қазақстандық авторлардың шығармалары да оқырман назарында. Олардың қатарында Мария Омардың «Ақбалжан. Жусанның кермегі тамған бал ғұмыр», Юрий Серебрянскийдің «Алтыншаш», Бақытжан Қанапияновтың «Өмір ағашы», «Азия», Орал Арукенованың «Февраль. Ақпан», «Мост» кітаптары бар.

Мамандар қазіргі әдебиеттің кейбір санаттарына сұраныстың төмендеуін ақпараттық шудың күшеюімен байланыстырады. Оқырмандар көлемді мәтіннің орнына қысқа мақалалар, подкасттар мен бейнематериалдарды жиі таңдайды. Бұған қоса жаңа кітаптардың бағасы қымбат. Ал кітапхана қорына жаңа басылымдар мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне байланысты кеш түседі. Жергілікті авторлардың кітаптарын кеңінен таныту мүмкіндігі де шектеулі.

Кітапхана қорындағы басылымдардың шамамен 45-55 пайызы мемлекеттік тілде, 40-50 пайызы орыс тілінде, 5-10 пайызы басқа тілдерде. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс тұрақты өсіп келеді. Бұған әлемдік бестселлерлердің қазақшаға аударылуы мен тарихи прозаның танымалдығы әсер етіп отыр.

Қазақ тіліндегі кітаптар жалпы кітап берудің шамамен 40-50 пайызын құрайды. Оқырмандар Дэниел Киздің «Алжернонға арналған гүлдер», Джордж Оруэллдің «1984», Элиф Шафактың «Махаббаттың қырық қағидасы», Халед Хоссейнидің «Батпырауық қуған бала» шығармаларын сұрайды. Сонымен қатар, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», Смағұл Елубаевтың «Ақбоз үй», Қажығали Мұқанғалиұлының «Тар кезең», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармалары да сұраныста.

Орыс тіліндегі әдебиеттердің үлесі кітап берудің шамамен 45-50 пайызын құрайды. Оқырмандар Валерий Михайловтың «Ұлы жұт шежіресі», Морис Симашконың «Емшан», Шейл Руттың «Екі жанды әйел», Кристель Дабоның «Айна арқылы», Наталья Нестерованың «Бала күтіміне байланысты демалыс», Дарья Донцованың «Жаңажылдық детектив», Шыңғыс Абдуллаевтың «Арсыздық бағасы», Александр Тамониковтың «Найзағайлы қақпа» кітаптарына қызығушылық танытады.

Ал ағылшын тіліндегі әдебиеттер жалпы кітап берудің 5-10 пайызын құрайды. Оларды негізінен студенттер мен жастар алады. Сұраныста The Official Cambridge Guide to IELTS, The Official Guide to the TOEFL iBT Test, Complete First, Complete Advanced, The Phantom of the Opera, Sherlock Holmes Short Stories, Pride and Prejudice, The Hound of the Baskervilles сияқты кітаптар мен әдістемелік құралдар бар.

Маманның айтуынша, қазіргі әдебиетдің  тізімге енбеуіне олардың оқырманға жеткілікті таныстырылмауы да әсер етеді. Сонымен бірге, электронды және аудиокітаптармен бәсекелестік күшейген.

– Егер қажетті кітап кітапхана қорында болмаса, оқырман оны басқа кітапханадан сұрата алады. Бұл үшін кітапханааралық абонемент және құжаттарды электронды жеткізу қызметтері қолданылады. Қажетті басылымды Қазақстанның ұлттық кітапханасы мен академиялық кітапханалардан алдыруға болады, – деді қызметкер. 

Кітапты KazNEB  бірыңғай электронды каталогынан және Kitap.kz⁠ платформасынан да іздеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ оқырман кітапханадағы өтініштер дәптеріне өзі іздеген кітапты жазып, қорды толықтыру жөнінде ұсыныс қалдыра алады.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы кітап оқу көрсеткіші бойынша республикада жоғары нәтиже көрсеткен. Өңірдегі оқырмандардың үлесі шамамен 47 пайызды құраған.