Павлодарлық жастар зейнеткерлердің ауласын қардан тазалады

Павлодарлық жастар зейнеткерлердің ауласын қардан тазалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жалғызбасты қарттарға үй және аула жұмыстарын орындауға көмек көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Кенжекөл жастар» жастар қоғамдық бірлестігі Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «QAMQOR» бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Мақсаты – өңірде еріктілердің қызметін дамыту.

Аталған бағытта облыстың қалалары мен аудандарында волонтерлік отрядтар құрылып, белсенді жұмыс істеуде. Қар тазалау жұмысы ұйымдастырылып, жылыту үшін отын дайындалып, жеткізілді.

– Еріктілермен сөйлесу қарт адамдарға күнделікті өмірде қолдау мен қуаныш сезімін сыйлайды. Аға буынға қамқорлық жасау – сауабы мол іс, – дейді еріктілер. 

Жастар бұл жоба еріктілердің белсенділігін ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар, мұқтаж адамдарға қамқорлық пен көңіл бөлудің қаншалықты маңызды екенін еске салатынын айтады.