Павлодарлық жайдарман ойындарына қатысатын командалардың саны артты

Павлодарлық жайдарман ойындарына қатысатын командалардың саны артты

Биылғы қалалық маусымға 18 команда тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар жайдарман лигасының төрағасы Олжас Қоңыратбаевтың айтуынша, өңірлік жайдарманшылардың беталысы жаман емес. Жаңа әрі жас командалар қатарға қосылып, өнер көрсетуде. Жергілікті үш команда тек қана қыздардан құрылған.   

–  Мәселен, биылғы маусымға қатысатын командалардың саны артқан. Барлығы 18 команда тіркелді. Былтыр 12 команда бақ сынаған.  Олардың арасында Екібастұз және Ақсу қаларынан келетін командалар бар. Ойыншылардың ішінде 3-4 жыл сахнада жүрген тәжірибелі топтар өнер көрсетеді. Сондай-ақ енді ғана қанат жайып келе жатқан жайдарманшылар да бар. Биыл Павлодар жайдарман лигасын қалалық ішкі саясат қолдап отыр. Жайдарманның жайдарлы ойындарының куәгері болыңыздар, – дейді Олжас Қоңыратбаев.

Маусымашар 11 сәуір күні сағат 19:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында өткізіледі. 

Айта кетейік, 2005 жылдың 29 маусымында бастау алған жайдарман ойындары қазір халықаралық жобаға айналып үлгерді. Жайдарманның жайдарлы әзілдері, ондағы ойыншылардың қылықтары, қызықтары, киім киінгендері, ән айтып, би билегендері қоғамда, оның ішінде жастар арасында кеңінен танымалдылыққа ие болуда. Бұл жоба өңірімізде де кеңінен орын алып, тамыр жайып келеді. 

Мақсат Көлтайұлы