Павлодарлықтарға өрт анықтайтын датчик орнатудың жаңа талаптары түсіндірілді

Павлодарлықтарға өрт анықтайтын датчик орнатудың жаңа талаптары түсіндірілді
Фото: istockphoto.com/Nickbeer

10 маусымнан бастап өрт қауіпсіздігі ережелеріне жаңа талаптар енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жылыту маусымының басынан бері өңірде 22 өрт тіркелді. ТЖД мамандарының айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда сегіз пайызға аз. Өкінішке қарай, үш адам қаза болды. Көміртегі тотығымен улану жағдайлары тіркелмеген. 

Ережелерде енген талаптарға сай жаңа салынып жатқан барлық тұрғын үйлерде автономды түтін датчиктері болуы міндетті. Мамандардың сөзінше, бұл өртті ерте анықтап, адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

– Бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендерінің жобаларына қондырғылар міндетті түрде енгізілді. Қолданыстағы үйлерге келсек, датчиктерді орнату немесе орнатпау жөніндегі шешімді әрқайсысы өзі таңдайды. Конституция бойынша тұрғын үйге рұқсатсыз кіруге болмайды. Сондықтан да біз ешкімнің үйін тексермейміз, оларды жазаламаймыз, – деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов. 

Оның айтуынша, қазір бір қондырғының құны 2300-2500 теңге. Оларды шаһар дүкендерінде немесе онлайн-платформалар да  сатып алуға болады. Ал әлеуметтік осал топтағы жанұяларға қондырғыларды орнату тегін. Облыста мұндай 1289 үй бар. 

– Біздің қызметкерлер жыл сайын орнатылған датчиктерді тексеріп шығады. Қажет болған жағдайда батарейкаларын ауыстырып береді. Бұл жұмыстар әдетте маусым басталар алдында жүргізіледі, – деді Қайрат Шаймарденов.

Датчиктердің пайдасы нақты мысалдармен де дәлелденген. 2022 жылы Аққулы ауданында екі көпбалалы отбасы түнде дабылды естіп, үйден шығып үлгерген. Сол арқылы олар уланудан аман қалды. 

Айта кетейік, аймақта 80 мыңнан астам үй пешпен жылытылады. Сондықтан ТЖД өңір тұрғындарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, әсіресе пеш, электр сымдары мен түтін шығатын каналдарды уақытылы тексеріп отыруға шақырады.