Павлодарлықтарға жалған хабарламалардан қалай қорғану керек?
Соңғы уақытта азаматтардың телефондарына салық органдарының атынан жаппай жалған хабарламалар түсуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Онда салық режиміне көшу қажеттілігі, шұғыл ескертулер немесе ірі көлемдегі айыппұлдар туралы жазылып, соңында күмәнді сілтеме арқылы өту сұралады.
Алаяқтардың айласына түспеу үшін үш қарапайым ережені есте сақтау маңызды.
– Біріншіден, барлық ресми хабарламалар тек Салық төлеушінің жеке кабинетіне немесе тексерілген арналар, атап айтқанда 1414 байланыс орталығы мен ресми push-хабарламалар арқылы келеді. Екіншіден, СМС арқылы келген ешқандай құпия кодты ешкімге айтпаңыз. Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері мұндай деректерді ешқашан сұрамайды. Үшіншіден, күмәнді хаттардағы «төлеу» немесе «тексеру» батырмалары мен сілтемелеріне баспаңыз, оларды бірден өшіріп тастаған абзал, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар оңайлатылған салық режиміне көшуге қатысты маңызды ақпаратты ескерген жөн. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне көшу туралы хабарламаны 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ресми түрде тапсыруға болады. Бұл процедура Салық төлеушінің кабинетінде ЭЦҚ арқылы, E-Salyq Business мобильді қосымшасында немесе Мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде жеке бару арқылы жүзеге асырылады.
Департаментте атап өткендей, салық органдары ешқандай «алдын ала жазылуларды» немесе кезек кодтарын талап етпейді. Алаяқтар адамдардың үрейі мен асығыстығын өз пайдасына қолданатынын ұмытпау керек. Әрқашан ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексерген абзал.