Павлодарлықтар Қазақстанда тұңғыш болып астың шыққан тегін білетін болады

Павлодарлықтар Қазақстанда тұңғыш болып астың шыққан тегін білетін болады
Графика: Ольга Бугаева

Пилоттық жобаны ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин іске қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңашыл жоба қаламыздағы «JAILAU» фермерлік базарында таныстырылды. Бұл жобаны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қолға алып, оны жұртшылыққа аталмыш ведомствоның вице-министрі Аманғали Бердалин көрсетіп өтті.

Модуль QR код арқылы сою объектілерінде және ішкі сауда объектілерінде ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткеннен кейін сараптама актісін берудің бизнес-процестерін автоматтандыруды көздейді. QR-кодта жануардың жасы, иесі, шығу орны, жануарды сою күні, өнім түрі, жануардың жынысы және ішкі сауда объектілерінде өнімді өткізу көрсетіледі. 

- Бұл пилотты біз қазір басқа өңірлерге таратып жатырмыз. Ол бірнеше сатыдан тұрады. Барлық жерлерде халыққа жағдай жасау үшін ауылдық округтерде мал соятын орталықтар салу керек. Оны бизнес салатын. Кәсіпкерге тиімді. Әкімдіктер де жұмыс істеу керек. Бір күнде шешілетін зат емес, басқа да өңірлерде қосылып жатыр жүйеге. Анал. центр жасады министрлік жанында. Мысалы, Шарбақты ауданына тіпті төрт рет келіп-кеттік, - деді Аманғали Бердалин.

Вице-Премьер Серік Жұманғарин жобаға жоғары баға беріп, жергілікті басшылықтың ветеринариялық қызметті дамытуға қосып жатқан үлесіне алғыс білдірді.

- Соңғы уақытта мал ауруымен жағдай қиындап кетті. Бүкіл өнім жолын қадағалау керек. Ол біріншіден адам денсаулығы, өнім сапасы. Біраз жыл экспорт жабық болды. Ендігі уақыттан бері ет пен сүтке Ресей нарығын аштық. Кезекте Қытай тұр. Осы жетістіктерді жоғалтпауымыз керек. Ол үшін инфрақұрылым керек. Павлодар облысы өте жақсы тәжірибе көрсетіп отыр – ветеринариялық пункттер салынып жатыр. Жергілікті әкімге рахмет, - деді Серік Жұманғарин.

«Етті ветеринарлық-санитарлық сараптау» модулін енгізудің пилоттық жобасы Алматы, Павлодар, Жетісу облыстарында пилоттық режимде іске қосылды. Одан кейін жоба басқа өңірлерде де іске асырылатын болады.

Фото: автор