Павлодарлықтар көрші өңірге көмегін аямауда
Солтүстік Қазақстан облысына гуманитарлық көмекті тиеген кезекті кереуен аттанып кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көмек жинаудың бастамасын облыстық мәслихат көтерді. Игілікті істің ұйымдастырушысы облыстық мәслихат депутаты Махамбет Амангелді айтып өткендей, үш күн ішінде өңіріміздің кәсіпкерлері, қоғамдық ұйымдары мен қарапайым павлодарлықтардан әртүрлі көмек жиналды. Мысалы, су тасқынынан зардап шеккен солтүстік өңірдің тұрғындарына сонау Моңғолия қазақтарынан қаржылық көмек аударылды.
— Барлығы 40 тонна көмек, оның ішінде киім-кешек, азық-түлік, гигиена заттары мен өзге де қажеттіліктер жиналды. Облыс тұрғындары атынан көмектесудеміз. Үш моторлы қайық, күрек, арба және басқа да құралдарымыз бар. Оның бәрін екі фураға тиедік. Колонна құрамында 40 жігіт мінген автобус та бар. Ол азаматтар зардап шеккен ауылдарға көмектесуге бара жатыр, — деді Махамбет Амангелді.
15 сәуір күні керуен Петропавл қаласына жетіп, гуманитарлық көмекті үлестіреді. Әрі қарай белсенділер облыс орталығы маңында топан су басқан ауылдарға жәрдемдесуге кіріседі.