Павлодарлықтар жұмыстағы бір сағат еңбегі үшін қанша ақша алады?
Былтырғы жылдың статистикалық мәліметтері жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Finprom.kz талдау порталының мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте бір қызметкерге есептегенде жұмыс істеген уақыт орташа есеппен бір айда 152,9 сағатты құрады. Бұл – 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 1,4%-ға артық. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалдамалы қызметкердің орташа айлық жалақысы 391,7 мың теңгені құрады. 2024 жылы Қазақстан бойынша орташа есеппен жұмыстағы бір сағаттың құны 2,3 мың теңгеден 2,6 мың теңгеге дейін өсті.
Былтыр қаңтар-қыркүйек айларында 20 өңірдің ішінен тек алтауында ғана бір сағаттың орташа номиналды жалақысы республикалық орташа мәннен асып түсті. Павлодар облысында бір сағаттық жұмыс үшін 2,41 мың теңге төленеді.
– Бір сағаттық жұмыс уақытының ең үлкен төлемі Атырау облысына тиесілі – 3,9 мың теңге. Ол жерде бір айдағы жұмыс істеген 158,6 сағат үшін орташа айлық жалақысы 613 мың теңгені құрады. Одан кейін Маңғыстау және Атырау облыстарында бір сағат үшін 3,7 мың және 3,6 мың теңге төлем есептеледі. Астана мен Алматыда сағатына орташа номиналды жалақысы 3,3 мың және 3,1 мың теңгені құрайтын бестікті аяқтайды, – дейді сарапшылар.
Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында бір сағаттық жұмыс уақыты үшін ең аз жалақы төленеді –1,8 мың теңге. Одан кейін Жетісу және Жамбыл облыстары, сондай-ақ, Шымкент: әр өңірде 1,9 мың теңгеден төлем түседі.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жұмыс уақытының ең көп төлемі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында тіркелді: 5,6 мың теңге. Одан кейін қаржы және сақтандыру қызметінің секторы: 5,5 мың теңге.