Павлодарлықтардың көлік салығы бойынша берешегі 650 миллион теңгеге жуықтаған
1 сәуірден бастап мерзімі өткен салық бойынша әр күн үшін өсімпұл есептелетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәлімдеуінше, 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап 2023 жылға салық төлеудің жаңа мерзімі басталады.
- Автокөлігі бар 9 мың павлодарлықтың көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешегі 650 млн. теңгеге жуықтады. Қазіргі уақытта 2023 жылғы көлік құралдарына салынатын салықтың есептелген сомалары бойынша Puch-хабарламалар Kaspi және Halyk банктерінің мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға жіберілді, олар оны бірден төлей алады, - делінген хабарламада.
Департамент салықты уақтылы төлемеген адамдарға ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап салық берешегі туралы хабарламалар жіберілетінін еске салады. Сондай-ақ мерзімі өткен әр күн үшін өсімпұл есептелетін болады.
Көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша аймақта 1 ақпанға дейін 130 мыңнан астам автокөлік иелері бар, олардың меншігінде 190 мыңға жуық машина бар. Жауапты мекеме салықтарды төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті болып табылатынын еске салады және салықтарды уақтылы төлеуге шақырады.