Павлодарлық 103 қызметі неліктен бағдаршамның «қызыл» түсіне тоқтайтынын айтты
Әлеуметтік желілерде автожүргізушілер неліктен жедел жәрдем көлігіне жүруге жол берілсе де бағдаршамның тыйым салу белгісіне тоқтайтыны туралы сауал қойған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясында жүргізушілерінің мұндай іс-әрекетінің себебін айтып берді. 103 қашықтықтан басқару пультіне келетін барлық қоңыраулар жеделдіктің 4 санатына бөлінеді. Медициналық бригада алғашқы үш санат бойынша шыққан кезде жедел жәрдем жүргізушісі сирена мен жарқыраған маяктарды қосады. Бұл ретте адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін төтенше жағдайларда әр секунд маңызды болады. Егер жедел жәрдем көлігі дыбыстық және жарық сигналдарынсыз қозғалса, демек ол шақыруды бір сағат ішінде орындау қажет болатын жеделдіктің төртінші санаты бойынша шақыруға жіберілуі мүмкін.
– Павлодар облысының 103 қызметі жедел жету көрсеткіштері бойынша елімізде алдыңғы қатардағы өңірлердің ішіне кіреді, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ольга Вербовая. – Егер республика бойынша орташа есеппен бірінші санаттағы шақырулар бойынша жеткізу 13,2 минутты құраса, бізде бұл көрсеткіш 7,5 минутты құрайды. Біз мұндай нәтижелерге санитарлық көлікті бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және медицина қызметкерлерін тұрақты оқыту арқылы қол жеткіздік.
Павлодарлық 103 қызметі жүргізушілер сирена мен маяктар қосылған жедел жәрдемге жол беруі тиіс екенін еске салады. Ал жедел жәрдем көлігі жүргізушісінің бағдаршамның рұқсат етілген белгісінің жанғанын күтуі өзгелерді жаңылыстырмауы тиіс. Ол осылайша медициналық бригаданы және жол қозғалысының басқа қатысушыларын жол апатынан қорғауға тырысады.
– Егер біздің жүргізуші «қызылға» өтіп, жол апатына ұшыраса, ол үшін ешкім жауапкершілікті өзіне алмайды, – дейді Ольга Вербовая. – Сонымен қатар, басқа адамдар зардап шегуі мүмкін. Сондықтан жедел жәрдем басқа көліктермен қатар «жасыл» белгіні күтеді. Дегенмен бұл жағдайда жедел жәрдем көлігі шақыруға мүмкіндігінше тез жетуі үшін алдыңғы қатарда болуы керек.
Облыстық жедел жәрдем станциясында аймақ тұрғындарының түсіністікпен қарайтынына сенім білдіреді.