Павлодарлық ардагерлер Ата заңдағы өзгерісті қолдайды
Халық қалаулылары ардагерлерге Конституциялық реформаны түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін облыс орталығында аталмыш реформаларды түсіндіруге арналған алғашқы жиын өтті. Оған облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, ардагерлер мен ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев бұл референдум жайлы бұрын да Мемлекет басшысы айтып жүргенін еске салды.
– Президентіміз бұған дейін бұл реформа халыққа жария болсын деп тапсырып келді. Себебі бұл заң – халықтың заңы. Біз – заңға бағынған әрі заң аясында қызмет ететін елміз. Конституциялық реформамен толық танысып шықтым. Біздің мақсат – осыны аға буынға толық түсіндіру, – деді ол.

Жиында сөз алған Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі, облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко негізгі Заңның жаңа нұсқасында кіріспе, 11 бөлім және 95 бап барын айтты.
– Ата заңға «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деген екі жаңа бөлім қосылды. Сонымен қатар, негізгі бөлімдердің атауы өзгертілді. Соның ішінде «Парламент» «Құрылтай» делінді. Аталмыш құжатта ең әуелі жеке тұлғаға – оның құқықтарына, бостандықтарына және міндеттеріне баса назар аударылады, – деді Илья Теренченко.
Бұдан бөлек, мәслихат төрағасы комиссия қызметінің басты ерекшеліктерінің бірі оның ашықтығында екенін атап өтті. Отырыстар Конституциялық соттың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілуде. Бұл азаматтарға талқыланып жатқан мәселелермен тікелей танысуға және ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін түсінуге мүмкіндік беретінін айтады.
Ал облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сейсенбай Жетпісбаев Ата заңдағы өзгерістің 84 пайызды құрайтынын айтты.
– Мұндай өзгерісті халық көптен күтті. Сол себепті бүгін ардагерлерімізді жинап, реформаны өзара талқылап, ойлары мен ұсыныстарын тыңдауды жөн көрдік. Биылғы жыл еліміз үшін тарихи жыл болып отыр. Осы ретте көп адамдар Қазақстан халқы Ассамблеясы жойылды деп ойлап жүр. Мүлдем олай емес. Бар болғаны Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа құрылған «Қазақстан халықтық кеңесінің» құрамына кіріп отыр. Соның ішінде 46 адам этно-мәдени бірлестіктерден ұсынылады, – деді төраға орынбасары.
Жиын соңында Илья Теренченко Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы бойынша соңғы шешімді халық референдумда қабылдайтынын еске салды. Ал ел ішіндегі талқылаулар мен түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіле бермек.