Павлодарлық азамат әкімшілік жауапкершіліктен қорқып, миллиондаған алимент төледі
Арам ниетті борышкер ұзақ уақыт бойы іздеуде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам балаларына алимент бойынша 8 миллион теңгеден астам қарыз болған.
Атқарушылық іс жүргізуді орындауды қамтамасыз ету мақсатында сот орындаушысы екінші деңгейдегі банктердегі ақшалай қаражатқа тыйым салу туралы, сонымен қатар жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салу туралы қаулы шығарды.
Алайда борышкердің банктік шоттарында қаражат болмаған, жылжымалы және жылжымайтын мүліктері тіркелмеген.
– Ер адам жұмыс істемеген және зейнетақы жарналары болмаған. Борышкердің нақты мекенжайы анықталғаннан кейін атқару парағын орындамағаны үшін ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы бойынша борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қозғалды. Осыған орай, аталған атқару өндірісі бойынша борышкер 8 миллион 86 мың 384 теңге алименттік қарызын толығымен өтеді, – делінген хабарламада.
Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы азаматтарды балаларына алименттерді уақытылы төлеуге шақырады.