Павлодарлық дизайнер: Жылан жылын жылтыр киімде қарсы алуға болады
Сән әлемінің кәсіби маманы Әсел Жұмағазиева @Pavlodarnews.kz тілшісіне 2025 жылда қандай стиль трендке айналатынын айтты.
Биыл америкалық түс институты Pantone «моко мусс» (Mocha Mousse) шоколадты түсін 2025 жылдың негізгі түсі ретінде жариялады.
– Жасыл жылан жылында авантюрин, бургундия, ақшыл, қоңыр реңктер актуалды болмақ. Бұдан бөлек, қою сұр гамма, ақ және қызғылт сары түстер басты назардан тыс қалмайды деп айта аламын, – деді кәсіби имидж стилист Әсел Жұмағазиева. – Жылтыр, шынылы әшекей, пайеткалармен Жаңа жылды қарсы алуға кеңес беремін. Кейін осындай жылтыр киімді базалық нәрселермен киіп, әдемі образды құрастыруға болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жылы мезгілде түстер аздап бозарады. Қыста және күзде олардың реңкі бай болып көрінеді.
Стилист мерекені үйде, жақын адамдардың ортасында қарсы алатын тұрғындарға пижама стилінде киініп көруге ұсынады. Оған әшекейлер қосуға да болады.
– 2024 жылы «demure» стилі трендте жүр. Бұл – қарапайым, сәннен шықпайтын базалық киімдер, тыныш реңктер және әр заттағы ұстамдылық, нәзіктік. Кейбір жандар батыл шешіммен жарқын, көзге түсетін образдарды жақсы көреді. Мысалға леопард принті, тон мен жасанды тері, қызыл ерін далабы, биік өкшелі туфли сияқты киім-кешектерді келтіруге болады. Бұл стиль түрі де трендтен шықпай, келесі жылға көшеді, – деді стилист.
Оның сөзінше, келер жылы шалбар костюмдері, тоқыма, джинсы матасынан киімдер, комбинезондар, қарындаш, былғары юбкалар трендте болады.
– Адамдардың сәнге деген көзқарасы әртүрлі болмақ. Ең бастысы – киімдер өзара үйлесімді болып көріну керек. Мысалы, твид пен тері, жібек матадан көйлек пен ангора, – деп атап өтті Әсел Жұмағазиева. – Осы күздің тренд болған бұйымдарына сүйенсек, келесі жылда да бізді ірі металл зергерлік бұйымдардың тренді күтіледі. Мысалы, сырға, білезік және алқа түрінде тағуға болады. Қолғаптар, жағалар, манжеттер, галстуктар сәнге айналмақ.
Ал «фаст фэшн», яғни өтпелі киімдерге – «такса» сөмкесі, «жұмысшы» күртешесі, чоппер етіктері, қысқа пиджак жатады. Олар 2025 жылы сәннен шығады.