«Павлодар-Водоканал» ЖШС қомақты айыппұл арқалады
Серіктестік жалған ақпарат ұсынғаны үшін айыпталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Павлодар-Водоканал» ЖШС атына ақпарат ұсыну туралы сауал жолдаған.
- Ұсынылған ақпаратты талдау барысында жалған ақпарат беру фактісі анықталды. Аталған факті бойынша «Павлодар-Водоканал» ЖШС-не қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 162-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды, - делінген хабарламада.
Кәсіпорын құқық бұзушылық жасау фактісін мойындағанын ескере отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 811-бабы шеңберінде қысқартылған әкімшілік іс жүргізу тәртібі қолданылды. Серіктестік заңнамаға сәйкес 50% - 2,7 млн.теңге мөлшерінде айыппұл төледі.
Департамент субъектілерге монополияға қарсы органға белгiленген мерзiмде ақпарат бермеу не ақпаратты толық көлемде бермеу, монополияға қарсы органға анық емес және (немесе) жалған ақпарат беру «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 162-бабында көзделген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.