Павлодарлық гимнастшылар Ақтауда спорттық шеберліктерін көрсетті

Павлодарлық гимнастшылар Ақтауда спорттық шеберліктерін көрсетті
Фото: pexels.com/Cleiton Silva

Олар жүлделі орындармен оралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ақтау қаласында көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының Кубогы өтті. №1 ОРМБЖМ тәрбиеленушілері – Інжу Мұзафар, Дильназ Мукушева, Камила Жақсылыкова, Диляра Жаиқ, Жансая Адамова Павлодар облысының намысын қорғады. Команда спорт шеберлігіне үміткер бағдарламасы бойынша өнер көрсететін топтық жаттығуларда жекелеген түрлердің ақтық сынында екі рет қола жүлдеге ие болды. 

Сондай-ақ, жеке бағдарлама бойынша өнер көрсеткен юниорлар командасының спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Олар жекелеген түрлердің барлық ақтық сынына кірді. Қола жүлдеден бір қадамда доппен жаттығуда Татьяна Жаркова, ал лентамен жаттығуда Айша Жанғазинова төртінші орынды иеленді. 

Айта кетейік, сайыста еліміздің 14 облыс, 3 қаласынан 300-ден астам спортшы бақ сынасты. Жарыс 4 күнге созылды. 36 төреші гимнастшылардың өнерін бағалады. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен марапаттар табыс етілді.