Павлодарлық гроссмейстер әйгілі шахматшыны жеңді

Павлодарлық гроссмейстер әйгілі шахматшыны жеңді
Басты фото: ҚР Шахмет Федерациясы

Доха қаласында Qatar Masters Open өтуде,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанның Шахмат Федерациясының мәліметінше, Qatar Masters Open – әлемдегі ең мықты ашық турнирлердің бірі. Оған тек рейтингі 2300 және одан жоғары ойыншылар қатыса алады.

Биыл әлемнің 44 елінен 252 шахматшы ойнайды. Қатысушылар арасында 60-тан астам гроссмейстер бар. 11 қазанда басталған турнирге гроссмейстерлер Магнус Карлсен, Хикару Накамура және басқа шахмат титандары қатысады. Турнирдің жүлде қоры 1 108 250 құрайды.

Бірінші сенсацияның авторы павлодарлық гроссмейстер Әлішер Сүлейменов болды. Екінші турда жеребе тастау кезінде жерлесіміздің қарсыласы ретінде көзі тірісінде аты аңызға айналған әлемдік рейтинг тізімінің көшбасшысы Магнус Карлсен шықты. Біздің гроссмейстерден 300-ден астам ұпайға асып түсетін норвегиялық чемпион қарсыласының мүмкіндігін бағаламай, тиісті құрмет көрсетпеген. Дегенмен жерлесіміз Әлішер Сүлейменов батылдық танытып, жеңіске жетті. 

Магнус Карлсен 31-ші қадамда сағатты тоқтатты. Павлодарлық гроссмейстер жеңімпаз атанды. 

Турнирге біздің құраманың басқа мүшелері де қатысады: Ринат Жұмабаев, Бибісара Асаубаева, Қазыбек Нөгербек, Алуа Нұрманова.

Фото: Әлішер Сүлейменовтің парақшасынан