Павлодарлық кәсіпкер «Instagram» арқылы клиентті алдағаны үшін сотталды
Ол ақшасы төленген тауарды сатып алушыға бермеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін азаматтық істер жөнідегі сот алқасы Т.-ның «А» жеке кәсіпкерлігінен негізсіз баю сомасын өндіру туралы талап қою бойынша істі қарады.
– Іс бойынша, талапкер «Instagram» желісіндегі жарнама бойынша квадроцикл сатып алу туралы шешім қабылдап, 2023 жылдың 3 қарашасында жауапкердің қойылған шотына 880 мың теңге төлегені анықталды. Алайда ол тауарды алмаған. Жауапкерді бұрын-соңды танымағанын және оның есеп шотына заңды негізсіз ақша аударғанын ескере отырып, соттан 880 мың теңге көлеміндегі негізсіз баю сомасын өндіруді сұрады, – дейді облыстық соттың баспасөз орталығында.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылды.
Апелляциялық шағымда жауапкер сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұрады. Алайда кәсіпкер ҚР азаматтық кодексі 953-бабына сәйкес негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi (негiзсiз баю) сатып алушыға қайтаруға мiндеттi.
Талап қоюшы жауапкер берген шотқа сомасы 880 мың теңгені төлеген, бұл түбіртекпен және Банктің мәліметтерімен расталды.
Жауапкердің шотына ақша қаражатын алу және аудару фактісі анық анықталғандықтан, екінші деңгейдегі банктердің анықтамаларымен расталған және жауапкер дауламағандықтан, негізсіз баю орын алған.
Жауапкердің өз тарапынан ешқандай арамдық әрекет болмағаны туралы уәждері негізсіз деп танылды.
Алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Қаулы заңды күшіне енді.