Павлодарлық кәсіпкерлерге намазхана ашу тәртібі түсіндірілді
Намазхананың көлемі 20 шаршы метрден кем болмауы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов аймақтық кәсіпкерлер палатасында қызмет көрсету саласы кәсіпкерлерімен диалог алаңында кездесті. Кездесудің басты мақсаты – Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының талаптарын түсіндіру, оның ішінде кәсіпкерлердің ғимараттарында намазхана ашу тәртібі.
Аталған шараға облысымыздың кәсіпкерлер палатасының қала және аудандардағы филиал өкілдері мен «Халал» бағытында жұмыс істеуге ниет білдірген дәмхана мен мейрамханалардың басшылары қатысты. Басқарма басшысы кәсіпкерлерге намазхананың ашу тәртібі мен ашу жолын және ондағы талаптармен таныстырды.
Намазхана келесі талаптарға сай болуы керек:
1) жалпы ауданы 20-дан 100 шаршы метрге дейін болуы керек;
2) санитарлық тораппен қамтамасыз етілуі тиіс;
3) санитарлық-эпидемиологиялық талаптар саласындағы нормативтік құқықтық актілерді сақталуы қажет;
4) күзет басқару пультіне қолжетімділікпен намазханаларды толық шолуды қамтамасыз ететін бейнекамералармен жабдықталған болуы керек;
5) Намазханалар темір жол және автобустарды, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағынан және ғимараттарынан кемінде 300 метр қашықтықта орналасуы тиіс;
Кездесудің соңында кәсіпкерлер аталмыш тақырып бойынша өздерінің сұрақтарын басқарма басшысына қоюға мүмкіндік алды.