Павлодарлық оқушылар «Мағжан оқуларында» бақ сынады

Павлодарлық оқушылар «Мағжан оқуларында» бақ сынады

Республикалық ғылыми - шығармашылық байқаудың қалалық кезеңіне 70-ке жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығымен бірлесіп, 7-11 сынып оқушылары арасында «Мағжан оқулары» республикалық ғылыми - шығармашылық байқауының қалалық кезеңі өткізілді.

- Байқау оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру, поэтикалық сөздің күші мен салмақтығын түсінуге үйрету, ғылыми тұрғыдан өз пікірін білдіру және дамытуды мақсат етеді. Шараға қаланың 34 жалпы білім беретін мектебінен 65 оқушы қатысты, - делінген хабарламада.

Ережеге сәйкес конкурс үш бағыт бойынша өткізілді. Қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жас ақындар өз өлеңдерін ұсынды. Ал жаңадан бастаған зерттеушілер Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған жобаларды қорғады. 

Оқу қорытындысы бойынша «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» бағытында І орынға №38 мектептің 9-сынып оқушысы Дәуіржан Ердамыс лайық деп танылды. Жүлделі ІІ орынды №31, 41, М.Әлімбаев, М.Жүсіп атындағы мектептер, Ш.Шөкин атындағы гимназия–мектебі, А.Бөкейхан атындағы гимназия–мектебінің оқушылары өзара бөлісті. Ал ІІІ орынға №7, 18, 21, 33, 35, 36, К.Мақпалеев, М. Әуэзов атындағы мектеп оқушылары ие болды.

«Жасынан оқу оқып, өнер қуған....» бағытында І орын № М.Жүсіп атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Камила Абаеваға бұйырды. Осы аталымда ІІ орынды № 21, 25, Малайсары батыр атындағы, Жетекші мектебінің оқушылары, ал ІІІ орынды № 27, 39, М.Әуэзов атындағы, А.Бөкейхан атындағы лицей–мектебі, Кежекөл мектебінің оқушылары иеленді. 

«Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» бағыты бойынша жас ақындар байқауының қорытындысында І орынға А.Бөкейхан атындағы лицей –мектебінің 10-сынып оқушысы Сана Жылқайдарова ие болды. ІІ орынды № 26,33,35, К.Бекхожин атындағы мектеп оқушылары, ІІІ орынды №7,17,31,36, М.Жүсіп, Ж.Ташенев, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп оқушылары бөліске салды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласы білім беру бөлімінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен және барлық қатысушылар «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының сертификаттарымен марапатталды.

Байқау жеңімпаздары облыстық кезеңге қатысуға жолдама алды.