Павлодарлық оқушыны шегемен түрткен мұғалім жұмыстан қуылған жоқ
Алайда педагогтің іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, жан-жақты тексеру жүргізу жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімі жүргізген қосымша бағалау негізінде және ҚР Еңбек кодексін және педагог қызметкерлердің қызметін реттейтін өзге де нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа ала отырып, қызметтік тергеу жүргізу кезінде мұғалімді атқаратын лауазымында қалдыру туралы шешім қабылдады.
– Қазіргі уақытта білім бөлімінің мамандары мектеп әкімшілігімен бірлесіп, фактілерге жан-жақты тексеру жүргізеді және педагогтың іс-әрекетіне құқықтық баға береді. Тергеу ҚР Еңбек кодексінің барлық рәсімдік талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылатын болады: қажетті жазбаша түсініктемелер талап етілді, куәгерлермен әңгімелер жүргізілді, бейнематериалдар талданды. Тексеру нәтижелері бойынша ықтимал тәртіптік шараларды қолдану немесе еңбек қатынастарын бұрынғы шарттарда сақтау туралы қорытынды шешім қабылданатын болады, – деді қалалық білім беру бөлімінде.
Сонымен қатар, оқиға салдарынан зардап шеккен балаға және оның ата-анасына қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Білім бөлімі баланың құқықтарын қорғау мақсатында тиісті шаралар қабылдайды.
Тергеу аяқталғанға дейін мұғалім өз міндеттерін орындауды жалғастырады. Бұл ретте әкімшілік пен білім бөлімі істі қарауда объективтілік пен бейтараптыққа, сондай-ақ, кінәсіздік презумпциясы және ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау құқығын қоса алғанда, қызметкердің құқықтарының сақталуына кепілдік береді.
Еске сала кетейік, павлодарлық мектепте мұғалім оқушының арқасынан шегемен нұқып алған сәті бейнеге түсті. Оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі мұғалімді жұмыстан шығарып жіберген. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері көрінеу кәмелетке толмаған адамға күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.