Павлодарлық полицейдің қоржынында – қос медаль
Ол джиу-джитсу және грэпплингтен жеңіске жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласында Азия құрлығы кубогы үшін ұйымдастырылған джиу-джитсу және грэпплингтен халықаралық жарыс өтті. Айтулы додаға Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Рүстам Күзембаев қатысып, асқан шеберлігімен көзге түсті.
Жарысқа Қазақстанның барлық өңірінен, ТМД елдерінен, Еуропа және Латын Америкасынан барлығы 2000-нан астам спортшы қатысты.
77 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рүстам Күзембаев алтын және күміс жүлдеге ие болды.
— Бәсекелестік өте жоғары деңгейде болды. Барлық қарсыластар техникалық тұрғыдан өте мықты дайындалған. Мен бала кезімнен күреспен айналысамын, салауатты өмір салтын ұстанамын. Спорт мінезді, рухты және ерік-жігерді шыңдайтынына сенімдімін. Мұндай спорттық шараларға қатысу өз күшімді тексеруге, спорттық шеберлігімді жетілдіруге мүмкіндік береді. Қарсыластарым бірінші минуттардан-ақ батыл және белсенді күрес көрсетті. Менде де сондай жігерлілік болды. Алайда жүлделі орынға ие болу үшін барымды салдым. Қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмауым керек, - дейді чемпион.
Айта кетелік, Рүстам Күзембаев тәжірибелі спортшы. Ол - «ВЕК ТИМ» джиу-джитсу және грэпплинг академиясының бас жаттықтырушысы Заирбек Абылқадыровтан тәлім алады. Оның артында тек республикалық емес, халықаралық турнирлердегі жеңістері де бар.