Павлодарлық мамандар тұрақты туризм тәжірибелерімен бөлісті

Олар туризм саласындағы климаттық жауапкершілік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен мемлекеттік бюджеттегі ғылыми-зерттеу жұмысы аясында «Туризмнің тұрақты дамуы және көміртек ізін азайту» тақырыбында тәжірибелік семинар өтті.
– Семинар офлайн және онлайн түрде өзге аймақтар мен елдерден қатысушылардың қосылуымен аралас форматта болды, – дейді ұйымдастырушылар.
Семинардың негізгі мақсаты – тұрақты туризм тәжірибелерін, сертификаттау тәсілдерін және туризм саласындағы климаттық жауапкершілік мәселелерін талқылау. Шара аясында тұрақты туризм критерийлері мен мемлекеттік және үкіметтік емес қолдау шаралары бойынша панельдік пікірталас ұйымдастырылды.
Университеттің география және туризм кафедрасының меңгерушісі, жоба жетекшісі Динара Есімова туризмнің аймақтық дамуының стратегияларына тұрақтылық қағидаттарын енгізудің маңыздылығын және бұл процеске академиялық қауымдастықты, билік өкілдерін және бизнесті тартудың өзектілігін атап өтті.
Семинардың екінші бөлігінде топпен интерактивті жұмыс жүргізілді. Қатысушылар өңірде тұрақты туристік шешімдерді енгізудің жергілікті сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін, сондай-ақ, пилоттық жобаларды іске қосу бағыттарын талқылады.
Семинарға туризм бөлімі, дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, «Ертіс» қонақ үйінің қонақтарды қабылдау және орналастыру бөлімі, турфирмалардың директорлары және шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Шара соңында қатысушылар пікір алмасып, қорытындылар жасады. Ал белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.