Павлодарлық таеквандошылар республикалық турнирде үздік нәтиже көрсетті

Павлодарлық таеквандошылар республикалық турнирде үздік нәтиже көрсетті
Фото: Павлодар облысының ғаламдық таеквондо федерациясы

Құрама команда жалпы есепте 9 алтын медальді еншіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ғаламдық таеквондо федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтау қаласында «Caspian Cup» республикалық турнирі өз мәресіне жетті.

Чемпионатқа еліміздің 7 қаласы мен облысынан 200-ден астам спортшы қатысты, олар Павлодар облысы, Ақтөбе облысы, Маңғыстау облысы, Ақмола облысы, Алматы облысы, Астана қаласы және Орал қаласынан. Павлодар облысының намысын 23 спортшы қорғады.

Спортшылар жеке сында екі тәртіп бойынша бақ сынады: хъёнги (ресми кешен) және массоги (спарринг).

Жарыс нәтижесі бойынша облыс спортшылары хъёнги тәртібі бойынша 4 алтын, 6 күміс, 7 қола; массоги тәртібі бойынша 5 алтын, 7 күміс, 9 қола медаль иеленді.

Турнир соңында үздік нәтиже көрсеткен Томирис Жанғұзин, Айша Жанғұзин және Камилла Әбутәліпке үздік техникасы үшін Кубоктар табыс етілді.

«Caspian Cup» турнирінің қорытындысында командалық-медальдік жарыста облыстық құрама үшінші командалық орынға ие болды. 

Бірінші және екінші орынды Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары алып кетті.