Павлодарлық театрда актрисаның мерейтойы психологиялық драмасымен тойланбақ

Павлодарлық театрда актрисаның мерейтойы психологиялық драмасымен тойланбақ

Қойылым 18 желтоқсанда сағат 18:00-де Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театр сахнасында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Гүлжанат Омарованың 60 жылдық мерейтойына орай қойылады.

– Алпыс жылдық ғұмыр – өнерге адалдықтың, сахнаға деген махаббаттың айқын жолы. Көрермен жүрегін тербеген рольдерімен, өнерге деген адалдығымен, нәзік болмысымен талай жанға шабыт сыйлаған өнер иесінің шығармашылық жолына арналған бұл кеш – актриса үшін жаңа белес, жаңа қуаныш. Театр өнері жолындағы тәжірибе мен өмірлік парасаттың түйіскен көркем кешіне баршаңызды шақырамыз! – дейді театрда.

«Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасының басты кейіпкерлері Катя мен Митя бір-бірін жақсы көрсе де балалық па, қызулық па, сөзден сөз шығып, ақыры ажырасуға бел буады. Ажырасқан күннің өзінде баратын жерлері болмағандықтан бір пәтерде, ары қарай бір-бірінің көзіне күйік болып өмір сүріп жатады. Енді екеуі ерлі-зайыпты болмаса да күндері әлі бір- біріне қарайды.

Билеттерді театр кассасынан, Ticketon сайтынан алуға болады.