Павлодарлықтарды жастар күнімен Kalifarniya құттықтайды

12 тамызда «Жастар FEST» фестивалі өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Павлодарда Халықаралық жастар күніне орай «Жастар болашағы – Жарқын Қазақстан» атты екі күндік республикалық форум ұйымдастырылады.
Ол 11–12 тамыз аралығында өткізіліп, еліміздің әр өңірінен келген 35 жасқа дейінгі 100 ден аса белсенді, еңбекқор және болашағы зор жастарды біріктіреді.
Форум бағдарламасында пленарлық және тақырыптық сессиялар, жетістікке жеткен кәсіби тарихтар бойынша кейстер, тренингтер мен диалогтық алаңдар, Павлодар облысының жетекші кәсіпорындарына экскурсиялар, мәдени-танымдық іс-шаралар және «Арбат -2025» интерактивті көрмелер қарастырылған.
Іс-шара облыс пен ел жастарын шығармашылық нөмірлермен, көрмелермен, концерттік бағдарламамен және кешкі ашық аспан дискотекамен біріктіретін «Жастар FEST» атты үлкен мәдени іс-шарамен аяқталады.
Сағат 17:00-де жоғарғы жағалауда «Павлодар – жұмысшы мамандықтар аймағы» атты көрме ұйымдастырылады. Ал сағат 18:00-ден бастап «Ertis Promenade» сахнасының төрінде қазақ эстрадасының жұлдыздары Adil, Il’han, BYTANAT, Kalifarniya, сондай-ақ, өңірдің талантты жастары өнер көрсетеді.
Іс-шара Павлодар облысының әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.
Еске сала кетейік, «Жастар Fest» фестивалінде ән айтып, шығармашылығын көрсету үшін жергілікті таланттар арасында арнайы кастинг жүргізілді. Қатысушы жастар авторлық, жеке әндері немесе танымал әндерге жасаған каверлерін ұсыну керек. Сонымен қатар, фестивальде жас суретшілердің картиналары, фотосуреттер мен дизайнерлік жұмыстардың көрмелері өтеді.