Павлодарлық жас педагогтер бақ сынасты
Ұстаздар арасында республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы «Талантты мұғалім – дарынды балаларға - 2024» республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі қорытындыланды.
– Олимпиаданың мақсаты – заманауи инновациялық білім беру технологияларын, педагогикалық жұмыс тәжірибесін тарату және енгізу, шығармашылық жас педагогтерді қолдау, – деді қалалық білім беру бөлімінде. – Байқау бес жылға дейін жұмыс тәжірибесі бар жас педагогтер, педагог-психологтер, тәлімгерлер арасында өтті.
Қатысушылар байқауға педагогикалық инновациялар, жұмыстағы технологиялар туралы бейне материалдар мен оларға сценарий, оқу үдерісінде нәтиже беретін, білім алушыларды ынталандыруға, білім беру сапасын арттыруға арналған өздерінің педагогикалық қызметінің ерекшеліктерін ұсынды.
Қорытынды бес бағыт бойынша шығарылды: жаратылыстану-математикалық, лингвистикалық, қоғамдық-гуманитарлық, психологиялық-педагогикалық, тәрбиелік.
Байқау қорытындысы бойынша № 41 ЖОМ география пәнінің мұғалімі Даниял Бәкен «Жаратылыстану-математика» бағытында бірінші орынды иеленді. «Қоғамдық-гуманитарлық» бағытында екінші орынды № 41 ЖОМ тарих пәнінің мұғалімі Нияз Әуталіпов иеленді. «Лингвистика» бағытында Қ. Мақпалеев атындағы ЖОМ ағылшын тілі мұғалімі Нариман Бимырза иеленді.
Жүлдегерлер облыстық команданың құрамында 2025 жылдың қаңтар айында республикалық олимпиаданың финалдық кезеңіне қатысатын болады.