Павлодарлық жол зертханашысы Ресейде тәжірибе жинақтады
Ол жол құрылысы саласында төрт жылдан бері еңбек етіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 14 облыстағы филиалының зертханашылары Ресейде біліктіліктерін арттырды.
Жол активтері ұлттық сапа орталығы Павлодар филиалының зертханашысы Назарбай Құнанбай да Омбы қаласында орналасқан Сібір мемлекеттік автомобиль және жолдар университетінде тәжірибеден өтті. Ол жол құрылысы саласында төрт жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Мен үшін бұл өте маңызды, пайдалы кездесу болды. Ресейдің жоғары оқу орнында өз білімімізді шыңдап, ресейлік әріптестермен тәжірибе алмастық. Сібір мемлекеттік автомобиль және жолдар университеті – Ресейдің жол саласының мамандарын даярлайтын бес оқу орнының бірі. Тарихы 1930 жылдан басталады. Бүгінде тарихы тереңде жатқан оқу орны кәсіби жолшылар дайындау бойынша озық болып саналады. Біз бұл жерде «Бетон және бетон қоспасымен жұмыс істеу» тақырыбы бойынша тағлымдамадан өттік, – дейді Назарбай Құнанбай.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мамандарын шет елдерде жыл сайын даярлайды. Жолдардың және құрылыс материалдарының сапасын тексерумен қатар, жол зертханашылары өндірістік-тәжірибелік тағлымдама арқылы өз білімдерін арттырады.