Павлодарлық жолшылар сенбілікке шықты
Олар ағаш түптерін әктеп, қоршауларды бояды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында қыс мезгілінен кейін аула, көше мен қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Экологиялық акцияға тек коммуналдық қызметтер ғана емес, түрлі ұйымдардың қызметкерлері де белсенді қатысуда. Солардың қатарында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Павлодар облыстық филиалының мамандары да бар. Олар бірнеше сағат ішінде мекеме маңындағы аумақтарды қоқыс пен өткен жылғы жапырақтардан тазартып, ретке келтірді. Сонымен қатар, ағаш түптерін әктеп, қоршауларды бояды.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Павлодар филиалының директоры Ақылбек Қабылдиннің айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өңірде ауқымды сенбіліктер өтуде.
– Біз де бұл бастамадан шет қалмадық. Жол саласының қызметкерлері сенбілікке шығып, аумақтарды тазалау жұмыстарына белсенді қатысты, — деді ол.
Сондай-ақ, жол саласының басқа да ұйымдары сенбілікке белсене атсалысуда. «ҚазАвтоЖол» және «КАЖсервис» қызметкерлері де іргелес аумақтарды тазалап, өңірдің көркеюіне және тазалықты сақтауға өз үлестерін қосуда.