Павлодарлық жолшылар қайырымдылық акциясын өткізді

Жол активтері сапасы ұлттық орталығының мамандары қиын жағдайға тап болған аналарға көмек көрсетуді жөн көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» Павлодар филиалының қызметкерлері көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетті.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Наурызнама онкүндігінің екінші күні жол қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды аралады. Соның бірі – алты баласы бар толық емес отбасы.
Жол қызметкерлері аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығын жеткізді. Қайырымдылық көмек ұйым қызметкерлері мен басшылығының жеке ерікті жарналары арқылы көрсетілді.
Бұл шараның мақсаты –көпбалалы, мүгедек, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету.
Айта кету керек, жол қызметкерлері мұндай акцияларды үнемі өткізіп тұрады.
Көктемде қызметкерлер балалар үйінің аумағына гүл отырғызады.
– Біздің ұйым мұқтаж отбасыларға, әсіресе балаларға қатысты болса, әрқашан көмектесуге дайын. Денсаулықтары мықты, балалық шақтары бақытты болуына, жан-жақты дамуына қажеттінің бәрі болсын деп үлес қосқымыз келеді, – деді филиал директоры Ақылбек Қабылдин.
Жыл сайын оқу жылы басталар алдында жол қызметкерлері мұқтаж отбасыларға балаларын мектепке дайындауға көмектеседі.