Павлодарлық әуесқой футболшылар Еуропада ел намысын қорғайды
Олар тоғыз аймақтық командадан айласын асырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодарда әуесқойлар арасында футболдан ел чемпионатының финалдық кезеңі өтті. Матчтар орталық стадионда өтті. Жарысқа он команда қатысып, командалар бес-бестен екі топқа бөлінді.
Павлодар облысының намысын қорғаған «Ақбет» топтық кезеңді сәтті аяқтап, жартылай финалға шықты. Онда жерлестеріміз Алматы облысының «Водник» командасымен кездесті. Турнир иелері бірінші таймда-ақ қарсыластарына тізгінді беріп алды. Павлодарлықтар алматылықтардың қақпасын екі рет дәл көздеді.
Ал екінші жартылай финалда Қостанай облысының "ПИК" және "Қызылорда BKS" командалары ойнады. Төрешілер де қостанайлықтардың пайдасына 2:0 есебін тіркеді. Үшінші орын үшін болған тартысты ойында ерекше оқиға орын алды. Қызылордалықтар жұбаныш финалының жеңімпазы атанды, алайда Оңтүстік тұрғындарының алдында дисквалификацияланған ойыншы ойнағаны белгілі болды. Нәтижесінде - "Қызылорда BKS" техникалық жеңіліс алып, "Водник"үшінші орынға ие болды.
Басты матчта "Ақбет" пен "ПИК" кездесті. Мықтылардың аяқдоп бәсекесінде павлодарлықтар қарсыластарын 4:3 есебімен ұтты. Осылайша, "Ақбет" 2024-2025 жылдардағы УЕФА өңірлер Кубогына қатысуға жолдама алды.
- УЕФА аймақтар кубогы-әуесқой футбол турнирі. Лигаға кіретін барлық 55 қауымдастық қатысады. Әр ел бір командаға өкілеттік береді. Алдымен алдын-ала раундтар ойналады, олардың сегіз жеңімпазы финалға шығады, - делінген хабарламада.
Айта кетелік, өткен жылғы сайыста Қазақстан атынан алматылық "Қаскелең" қатысты. Ол алдын-ала раундта жеңіліс тапқан болатын. Ал турнирдің жеңімпазы испандық "Галисия" болды.
Фото: Павлодар облысы футбол федерациясынан