Павлодарлық әйел тіс жұлғаннан кейін ауруханадан бір-ақ шықты

Стоматология пациентке тек вирусқа қарсы дәрі жазып, шағымға жауап бермеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне қала тұрғыны сапасыз стоматологиялық қызметке шағымданды.
Әйел клиникаға қатты тіс ауруымен келген. Рентгеннен кейін дәрігер тісті жұлу туралы шешім қабылдаған. Процедура қабыну мен іріңнің болуына байланысты күрделі өтті, сондықтан пациенттің қызылиегі тазартылды. Қызмет үшін ол 15 000 теңге төлеген.
Алайда, үйге келген соң әйелдің дене қызуы 38,5 градусқа дейін көтеріліп, қатты ауырсыну пайда болды. Қайта қабылдауда дәрігер бұл «қалыпты реакция» деп сендірді. Бірнеше күн бойы қызу түспесе де, стоматолог тек вирусқа қарсы дәрі жазып, антибиотик беруден бас тартқан.
Пациенттің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыртқаннан кейін ол жақ-бет хирургтарына жіберілді. Диагноз — «флегмона және абсцесс». Әйелге қайтадан қызылиек тазалау және антибиотиктер курсы тағайындалды.
Нәтижесінде департамент жоспардан тыс тексеріс бастады. Стоматологиялық клиника тұтынушының шағымына белгіленген мерзімде жауап бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама алды.
Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімі бойынша тұтынушыға 200 000 теңге мөлшерінде моральдік зиянның өтемақысы, өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстар 300 000 теңге, барлығы 501 966 теңге ақшалай қаражат қайтарылды.
Егер тұтынушы осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Генерал Дүйсенов көшесі 9 мекенжайы бойынша жүгіне алады немесе өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы арқылы E-otinish.gov.kz, бірыңғай ақпараттық жүйе E-tutynushy.kz жолдап, 8(7182) 55-10-70 сенім телефонына хабарласа алады.