Павлодарлық өнерпаз Қазақстан мен Үндістанды жақындастырды

Павлодарлық өнерпаз Қазақстан мен Үндістанды жақындастырды

Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық музейінде «СӘТТЕР/ INSTANTS/ МОМЕНТЫ» атты көрме өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көрме павлодарлық суретші Светлана Кравченконың шығармашылығына арналған. Ол – театр суретшісі, графикалық дизайнер, акварель саласында шығармашылықпен айналысатын  қылқалам шебері. 1998 жылы Павлодар көркемсурет колледжін «Графикалық дизайн» мамандығы және 2008 жылы Инновациялық Еуразия Университетін тәмамдады. 1998 жылдан бастап А. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрында суретші болып қызмет атқарады.

Көрмеде портрет, пейзаж және натюрморт жанрындағы 60 акварель туындысы көрермендер назарына ұсынылып, экспозициядағы 20 шығарма Үндістан тақырыбында орындалған.

- Мен бұл елді сүйемін. Үндістанда оқып, жұмыс істеп, сабақ беруге мүмкіндік болды. Акварельді жақсы көремін. Картиналарымнан кез келген адам жанына жақын көріністерді таба алады деп сенемін, - дейді автор.

Іс-шара жұмысын бастаған облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Тауасқан павлодарлықтарды айтулы мәдени оқиғамен құттықтап, Қазақстан өнерін шетелде танытып жүрген Светлана Кравченкоға алғыс айтты.

Көрменің арнайы қонағы Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшілігінің бірінші хатшысы Санджай Веди екі халықты біріктіруге тырысқан суретшінің талпынысына ризашылығын білдірді. Оның пікірінше, автор Үндістан адамдары мен табиғатын дәл суреттеген.

Достық ілтипатын білдіруге тырысқан Санджай Веди Рабиндранат Тагордың шығармалары мен Махатма Ганди өмірбаяны туралы кітаптардың қазақша басылымдарын сыйға тартты.

Көрме 17 мамырға дейін жалғасады.

Фото: Валерий Бугаев