Павлодарлықтар референдумды бешбармақпен тойлауда
Мерекелік атмосферада дауыс беру жалғасын табуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
М. Катаев атындағы оқушылар сарайында АЭС салу бойынша таңдау жасау үшін №56 референдум учаскесі ашылды. Оған 2029 сайлаушы тіркелген.
– Сайлау тыныш, ойдағыдай өтіп жатыр. Ешқандай бұзушылық пен ескертулер болған жоқ, – деді референдум учаскесі төрағасының орынбасары Жақсыбек Есімқұлов.– Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы кабинкалар бар. Көру қабілеті нашар адамдарға құлаққап беріліп, компьютермен дауыс беруге мүмкіндік жасалған. Учаске ашылғанға дейін 25 адамдай есіктің алдында тұрды. Олар өздерінің азаматтық борыштарын өтеуге келген жандар екені көрініп тұрды. Алғаш рет дауыс беретіндерге фотожиектер, блокноттар берілді.
Таңдау жасаған тұрғындардың арасында жанұямен келгендер болды.
– Референдум ел болашағы үшін өткізіліп жатқаны белгілі. Өз отбасыммен, туыстарымызбен келдік. Таңғы астан кейін барлығы учаскелеріне тарап, дауыс беруге асықты. Түсте бұл шараны мерекеледік. Дастархан жайып, бешбармақ жасадық, – деді №24 мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Бигужина. – Референдумның осындай демалыс күндері өткізіліп жатқаны да жақсы. Бұл дауыс беруге өте қолайлы.
Ал, таңғы тоғыз жарымда келген зейнеткер Күлжазира Бүркітбайды халықтың белсенділік танытып отырғаны қуантады.
– Референдум өте жақсы өтіп жатыр. Өзім болған учаскеде адам қарасы көп болды. Халықтың атом электр стансасы құрылысының қаншалықты маңызды екенін түсінетіні қуантады. Біздің болашақ ұрпағымыз – балаларымыз, немерелеріміз жақсы өмір сүру үшін бұл – маңызды қадам. Сонымен қатар, экологиялық тұрғыдан жақсы тыныс алу үшін АЭС өте қажет. Сондықтан тұрғындар белсенділік танытады деген ойдамын, – деді Күлжазира Бүркітбай. – Адамдар жәрмеңкеде арзан бағамен көкөністер сатып жатыр. Менің өз саяжайым бар, сондықтан көкөніс ала қоймадым.
Оқушылар сарайының аумағында ұйымдастырылған жәрмеңкеде азық-түлік тез арада сатылды. Көкөністерден бөлек, павлодарлықтар үшін бал ұсынылды.