Павлодарға Тәжікстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі келді
Асайын Байханов Тәжікстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ибодзода Хайрулломен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кездесуде облыс әкімі өңірдің инвестициялық ахуалы, көлік-логистикалық инфрақұрылымның артықшылықтары, арнайы экономикалық аймақтың преференциялары туралы айтты.
- 2023 жылдың I тоқсанында облыстың сыртқы сауда айналымы 16 млн. АҚШ долларын құрады. Өзара саудадағы әлеует әлдеқайда артық. Сіздің сапарыңыз екі жақты сауда көлемін ұлғайтуға жақсы стимул бола алады, - деп атап өтті өңір басшысы.
Өз кезегінде дипломатиялық миссияның басшысы қонақжайлылық пен ашықтық үшін алғысын білдірді.
- Менің Павлодар облысына келуімнің мақсаты - өңірдің әлеуетін зерттеу және жұмыстағы ең маңызды бағыттарды белгілеу, - деді Хайрулло Ибодзода.
Екі тарап Ертіс өңірінен дәнді дақылдар мен ұн экспорттау, сондай-ақ, бағасын арзандату мақсатында Тәжікстаннан ерте шығатын көкөністер мен жемістерді импорттау жөніндегі ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Сонымен қатар, тәжік тарапы Тәжікстаннан әкелінетін жемістерді сақтауға арналған шағын көтерме тарату орталығының құрылысын қарастыруға дайын.
Суреттерді түсірген Әлібек Дженалинов