Павлодарлық жас боксшылар халықаралық турнирден олжалы оралды

Павлодарлық жас боксшылар халықаралық турнирден олжалы оралды
Фото: Константин Шелков

Жеңіп алынған медальдардың төртеуі – алтын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шымкент қаласында Кенесары ханды еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанның барлық өңірлерінен 300-ге жуық боксшы қатысты. Павлодар облысының намысын қалалық білім беру бөлімінің «Жігер» балалар-жасөспірімдер орталығының сегіз тәрбиеленушісі қорғады.

Медаль иегерлерін Қазақ ССР және Қазақстан спорт шебері, бірінші санатты төреші, «Жігер» орталығының педагогі Ертай Жаменкенов жаттықтырады.

– Тәрбиеленушілер тапсырманы өте жақсы орындады, әсіресе Әлішер Жүсіпов ерекше көзге түсті, ол барлық жекпе-жектерді айқын басымдықпен жеңіп алды.  Жас спортшы 10 жасқа толмаған шағында бокстан бірінші жастар санатын алды. Балалар енді жаңа күшпен сәуір айында Астана қаласында өтетін кезекті халықаралық турнирге дайындалуда, – дейді Ертай Жаменкенов.

Турнир қорытындысы бойынша Әлішер Жүсіпов, Дінмұхаммед Омар, Ибрагим Теміржан, Мансұр Бейсембаев сынды жас боксшылар турнирдің алтын жүлдесін иеленді. Ал Мухаммед Али Аркен күміс жүлде иеленсе, Дамир Жақыпов, Карл Германн, Берік Әбілмансұр үшінші орыннан көрінді.