Премьера: Павлодарлық көрерменді жаңа ертегі күтеді

Премьера: Павлодарлық көрерменді жаңа ертегі күтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры көрермендерге жаңа қойылым ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

23-24 маусым күндері қойылатын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көңілді Роджер» ертегісінің авторы – Данияр Салимзянов, режиссері – Әділет Ақанов.

Шығарма достық, еркіндік пен батылдық тақырыптарын арқау етеді. Оқиға желісінде теңіз төбеттері мен теңіз мысықтары қазына іздеп, түрлі сынақтарға тап болады. Қызықты оқиғалар барысында кейіпкерлер бір-біріне сенуді, қорқынышты жеңуді және шынайы достықтың қадірін түсінеді.

Жарқын кейіпкерлер, әсерлі музыкалық сүйемелдеу және тартымды сахналық шешімдер көрермендерді қиялға толы теңіз әлеміне жетелейді. Ұйымдастырушылар қойылымның балаларға ғана емес, ата-аналарға да ерекше әсер сыйлайтынын атап өтуде.

Айта кетейік, ай соңына дейін көрермендер назарына жеті қойылым ұсынылады.

«Шәмші» спектакль-концерті 

13 маусым, 17:00

«Шәмші» спектакль-концерті – сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап қайтарады. Мың ғасырда бір туатын Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінетін әлемдері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Анасының әлдиіне уынған тау тұлға, есейе келе ғашығы - Сағыныштың сазына қанығып, махаббат жайлы сыр шертеді. Өмірдің құлазытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды.

Авторы: Нұркен Тұрлыбек. Режиссері: Әділет Ақанов.

«У-сана» ертегісі 

15-19 маусым, 10:00/11:00

Ауылда өскен Еркін және қалада өскен оның бауырлары Ермек пен Айгүлдің арасында үлкен талас орын алды. Смартфон арбауына шырмалған бауырларын Ермек қалай құтқармақ? 

Авторы: Сағаділдә Үсіпәлі. Режиссері: Жангелді Садықов.

«Балам, қашан келесің?..» драма 

26 маусым, 18:30

Олардың күнтізбесінде тек бір ғана күн бар. Ол– «бүгін келеді» деген үміт күні. Алты тағдыр, алты түрлі өкініш және бір ортақ күту залы. Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректі дүрсілдетеді. Өз үйінде сыймағандар, өз баласына «артық жүк» болғандар мұнда не іздейді? Олар перзентін кешіре ме, әлде қарғай ма? Ең басты сұрақ: есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды – сағынған баласы ма, әлде ажал ма?

Авторы: Сәкен Сыбанбай. Режиссері: Жұлдызбек Жұманбай.