Президент: Қазақстан Халық Кеңесі – конституциялық мәртебесі бар бірегей институт
Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы өтті. Кеңеске қабылданған 126 өкіл және Құрылтай депутаттары Тәуелсіздік сарайына жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында бір жылда Қазақстанда елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқаруына елеулі өзгеріс әкелген ауқымды реформалар жүзеге асқанын айтып, жиналғандарды Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуымен құттықтады.
— Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз. Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы — Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік. Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді. 28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті.
Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты құрылды.
— Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық. Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды. Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық. Ал қазіргі таңда бұл — өркениетті, жасампаз және ең бастысы біртұтас ұлттың ғана қолынан келетін іс деп ашық түрде айтуға болады, — деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемде жаңа Конституцияның қабылдануы бүкіл дүние жүзі тарихында өте сирек кездесетін құбылыс.

—Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ. Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады. Біз билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту ісін қолға алдық. Елімізде Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі екені анық, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өміріндегі бұл маңызды үдеріс осыдан тура бір жыл бұрын басталғанын айтты.
Сонымен қатар, Президент өз сөзінде Қазақстан Халық Кеңесі — Құрылтайға балама еместігін жеткізді. Екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ.
— Алдымызда тұрған мақсат та — бір, Отанымыз да — бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек. Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Атап өтерлігі, этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына кірді. Бұл Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны этномәдени бірлестіктердің елдің орнықты дамуына қосатын үлесінің маңызды көрсеткіші ретінде атады.
— Өңірлік деңгейде Достық үйлерінің жанынан ашылған «Қоғамдық келісім» желісі жұмысын жалғастырады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, Қазақстан Халық Кеңесіндегі тұрақты комитеттердің, салалық комиссиялардың және консультативтік-кеңес органдарының жұмысына қатыса алады, — деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің келбетін және тұрпатын өзгерту, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру — баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.
— Халқымызда «Ынтымақ түбі — игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында.

Президент өскелең ұрпаққа айрықша назар аударуды да — Халық Кеңесінің міндеті деп атады.
Оқушылар мен студенттер сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдану, жаңа білім игеру, кітап оқу секілді көкжиегін кеңейтетін жасампаз істерге ден қоюға тиіс.