Президент алдында сөз сөйлеген сарбаз павлодарлық болып шықты

Президент алдында сөз сөйлеген сарбаз павлодарлық болып шықты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңес отырысын өткізді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz.

Астанада Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілер мен ардагерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мемлекетіміздің сенімді тірегі болып табылатынын атап өтті.

Сарбаздардың атынан қатардағы жауынгер Әди Таласпаев сөз сөйледі. Ол қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, барлығына денсаулық тіледі.

– Қазір жас жауынгерлердің жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Әскери мамандықпен бірге адамгершілік тәрбие алып, физикалық тұрғыдан дамимыз. Болашақта жоғары білім алып, Отаным – Қазақстан Республикасына пайда әкелгім келеді, – деді ол.

Әди Таласпаев 2001 жылы 15 наурызда Павлодар қаласында дүниеге келген. Бірінші сыныпқа Успен ауданының №3 мектебіне барып, оны үздік бітірген. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін елордалық десанттық-шабуылдау бригадасында, танкке қарсы взводта қызмет етеді.