Павлодарлық велошабандоз Азиада ойындарында алтыннан алқа тақты

Павлодарлық велошабандоз Азиада ойындарында алтыннан алқа тақты
Фото: Туризм жəне спорт министрлігінен

Рината Сұлтанова ХХ жазғы Азия ойындарында әйелдер арасындағы тасжол велоспортынан жекелей жарыста топ жарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Туризм жəне спорт министрлігінің мәлімдеуінше, осылайша қазақстандық спортшы ел құрамасының биылғы Азия ойындарындағы алтын медальдар есебін ашты. Рината Сұлтанова алғашқы жарыс күнінде үздік нәтиже көрсетіп, мәреге 36:23.72 уақытпен жетті.

Жарыстың күміс жүлдесін Қытай спортшысы Чжан Хао (36:28.40) иеленсе, Оңтүстік Корея өкілі Син Джиын (36:56.14) қола медальға қол жеткізді.

Бұл – Рината Сұлтанованың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі. Бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ол жекелей уақытқа жарысудан қола медаль жеңіп алған болатын.

Соңғы жылдары қазақстандық велошабандоздарды халықаралық жарыстарға дайындауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Спортшылар Азия чемпионаттары мен өзге де ірі бәсекелерде тәжірибе жинап, маусымның негізгі додаларына дайындалады.

Қазіргі таңда тасжолдағы велоспорт Қазақстанның тоғыз өңірінде дамып келеді. Өңірлік даярлық жүйесін жетілдіру, жаттықтырушылар құрамының жұмысы және спорт резервін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Рината Сұлтанованың жеңісі Қазақстан құрамасына ХХ жазғы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медальді сыйлады.