Сайлау: Аққулыда отбасын құрғанына 20 жыл толған жұп қол ұстасып келді (ВИДЕО)

Сайлау: Аққулыда  отбасын құрғанына 20 жыл толған  жұп қол ұстасып келді (ВИДЕО)

Олар 2003 жылы 19  наурыз күні шаңырақ көтерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі сайлау аудан тұрғындары Ерболат Жағипаров пен Нұрсұлу Шарбақпаеваның отбасылық өмірінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген.  Олар Аққулы ауылындағы № 349 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Ерлі-зайыпты жұпқа естелік ретінде сыйлық табыс етілді. 

– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі шараның ел тарихы үшін маңызы өте зор, – дейді Нұрсұлу Шарбақпаева. – Біздің отбасы құрғанымызға бүгін жиырма жыл толып отыр. Әр шаңырақта, елімізде молшылық пен бақ-береке, тыныштық болсын!

Отбасы бір студент ұл тәрбиелеп отыр. Ерболат Жағипаров қарапайым қызметкер, Нұрсұлу Шарбақпаева ұзақ жылдар аудандық архивте еңбек етіп келеді. Социалистік Еңбек Ері (1958), шопан, ауыл шаруашылығының озаты, ҚазССР-інің мал шаруашылығына еңбек сіңірген шебері (1958) Күлай Шарбақбаеваның немересі. 

Аққулы ауданы бойынша 24 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.  Бесқарағай ауылындағы сайлау учаскесі қасында қазан-ошақ орнатылып, тұрғындарға ыстық бауырсақ таратылуда.  №  336  сайлау учаскесіне ұлттық киіммен келген Шарбақты ауылының тұрғыны  Жасталап Жұмабаев өз таңдауын жасап, ақ батасын берді.