Сайлау: Аққулыда отбасын құрғанына 20 жыл толған жұп қол ұстасып келді (ВИДЕО)
Олар 2003 жылы 19 наурыз күні шаңырақ көтерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі сайлау аудан тұрғындары Ерболат Жағипаров пен Нұрсұлу Шарбақпаеваның отбасылық өмірінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген. Олар Аққулы ауылындағы № 349 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Ерлі-зайыпты жұпқа естелік ретінде сыйлық табыс етілді.
– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі шараның ел тарихы үшін маңызы өте зор, – дейді Нұрсұлу Шарбақпаева. – Біздің отбасы құрғанымызға бүгін жиырма жыл толып отыр. Әр шаңырақта, елімізде молшылық пен бақ-береке, тыныштық болсын!
Отбасы бір студент ұл тәрбиелеп отыр. Ерболат Жағипаров қарапайым қызметкер, Нұрсұлу Шарбақпаева ұзақ жылдар аудандық архивте еңбек етіп келеді. Социалистік Еңбек Ері (1958), шопан, ауыл шаруашылығының озаты, ҚазССР-інің мал шаруашылығына еңбек сіңірген шебері (1958) Күлай Шарбақбаеваның немересі.
Аққулы ауданы бойынша 24 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Бесқарағай ауылындағы сайлау учаскесі қасында қазан-ошақ орнатылып, тұрғындарға ыстық бауырсақ таратылуда. № 336 сайлау учаскесіне ұлттық киіммен келген Шарбақты ауылының тұрғыны Жасталап Жұмабаев өз таңдауын жасап, ақ батасын берді.