Павлодарда көктемгі демалысын көңілді өткізбек болған жасөспірімдер анықталды

Павлодарда көктемгі демалысын көңілді өткізбек болған жасөспірімдер анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың әрекеті үшін ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысында «Қауіпсіз демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Тәртіп сақшыларының басты міндеті — жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және көктемгі демалыс кезінде кәмелетке толмағандарды жазатайым оқиғалардан қорғау.

Іс-шара басталғалы  полицейлер 175 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 121 заңды өкіл балалардың түнгі уақытта ата-анасының (заңды өкілдерінің) қарауынсыз көшеде жүруіне жол бергені үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында болған фактілеріде анықталып, 4 ата-ана мен 3 кәсіпкер заң алдында жауап берді.

Мәселен, Ақсу қаласында түнгі сағат 23:30 шамасында компьютерлік клубтардың бірінде полицейлер  кәмелетке толмаған баланы анықтады. Мекеме иесі жіберген заңбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал жасөспірімнің ата-анасына қатысты хаттама толтырылды.

– Көктемгі демалыс басталып, балалардың бос уақыты көбейді. Бұл ересектер тарапынан ерекше бақылауды талап етеді. Бақылаусыздық жасөспірімдердің өздері тарапынан құқықбұзушылықтарға, сондай-ақ оларға қатысты заңсыз әрекеттерге әкелуі мүмкін, – дейді тәртіп сақшылары.

Полиция ата-аналарға балаларға қоғамдық орындарда және жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін күн сайын ескертіп, олардың бос уақытын, әсіресе кешкі және түнгі уақытта, қатаң бақылауда ұстауды сұрайды.