Шөп тапшылығы жоқ: биыл Павлодар облысында баға тұрақтылығын сақтап қалды

Шөп тапшылығы жоқ: биыл Павлодар облысында баға тұрақтылығын сақтап қалды
Фото: Константин Шелков

Тұрақтылық биылғы жылдың өнімділігімен байланысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақта биыл шөп бағасы өткен жылмен салыстырғанда 5-10 пайызға өскен. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырболат Байсаринов мәлімдеді.

– Аудан ерекшелігіне қарай бір тонна шөптің құны 20-25 мың теңгені құрайды. Жайылымда орналасқан аудандарда баға арзан болса, дала аймақтарында сәл қымбаттау, – деді Қайырболат Байсаринов.

Басқарма қызметкерлерінің айтуынша, өңірде шөп жеткілікті. Атап айтқанда: шөп, құрама жем және сабан жүз пайызға дайын.Сонымен қатар, өткен жылдан қалған 620 мың тонна қор бар. Бұл шамамен бір жарым жылға жетеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылдан бастап жем-шөпке тікелей субсидия бөлуге шектеу қойған. Енді бұл көмек тек төтенше жағдайлар кезінде ғана қарастырылады.

– 2023 жылдары жем-шөпті сатып алуға және өңдеуге субсидия берілетін. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарды қамтамасыз ету үшін аудан және ауыл әкімдері ірі шаруашылық орталықтарымен келіссөз жүргізіп, тиімді бағамен шөп сату бойынша жұмыс атқарды, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айдос Жақұпов.

Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылық иелерінің көбі ірі шаруашылықтарда жұмыс істейтіндіктен, олар шөпті төмен бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие.

Айта кетейік, ағымдағы жылы мал қыстау науқаны жоспарға сай жүргізіліп жатыр.