Павлодар облысында мал қыстау науқаны ойдағыдай жүріп жатыр

Павлодар облысында мал қыстау науқаны ойдағыдай жүріп жатыр
Фото: Константин Шелков

Бүгінде жеті жүзге жуық мал басы қыстауларға кіргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Аймақта 2025-2026 жылғы қыстау науқанына дайындық толық көлемде аяқталып, өңірдің мал шаруашылығы тұрақты жағдайда қыстауға дайын. Бұл туралы облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырболат Байсаринов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қысқы кезеңге 480 мыңнан астам ірі қара, 650 мыңдай бас қой мен ешкі, 300 мыңға жуық жылқы кіргізілді.

– Ірі қара малдың шамамен алпыс пайыздан астамы – шаруа және фермер қожалықтарында, қалған бөлігі жеке аулаларда ұсталады. Ал қой мен ешкі тең дәрежеде бөлінген. Жылқының басым бөлігі – шамамен жетпіс пайызы – шаруашылықтарда, – деді Қайырболат Байсаринов.

Биыл облыс бойынша шабындық алқап көлемі бір жарым миллионға жуық гектарды құрады. Оның ішінде көпжылдық шөптер – 156 мың гектар, ал шабылатын жайылымдар – бір миллион гектардан асады.

Қазіргі уақытта қыстауларға 73 пайыз шөп жеткізілді. Жұмыстар жалғасып жатыр.

– Қажетті жем-шөп қоры толық дайын. Бұл көрсеткіштер малдың қыстан шығынсыз шығуына, төл алу жоспарын орындауға және өнімділікті сақтауға мүмкіндік береді, – деді бөлім басшысы.

Барлық мал шаруашылық нысандары электр энергиясымен және ауызсумен қамтылған, жемді тиеу, тасымалдау және үлестіру техникасы толық жұмыс істеп тұр.

Басқарма мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде мал өлімі тіркелмеген, әлсіз немесе арық мал анықталмаған.

Облыс бойынша мыңнан астам жайылымдық мал шаруашылығы учаскесі бар, олардың 495-і қыстауларға тартылған. Бұл учаскелерде тоқсан мыңнан астам ірі қара, 130 мыңнан астам қой-ешкі және жүз мыңға жуық жылқы қыстап жатыр.

– Барлық жайылымдық нүктелер ауылдық округтермен тұрақты байланыста. Қоралар құрғақ және жылы төсеніштер әзірленген, бұл жануарларға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп Қайырболат Байсаринов.

Өңірде қыстау науқанына дайындық жоспарлы түрде және қауіпсіз жағдайда өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, дайындалған жем-шөп қоры мен ұйымдастыру шараларының арқасында өңірде мал басының сақталуына және өнімділік деңгейінің төмендемеуіне толық мүмкіндік бар.