Шарбақты полицейлері аз қамтылған отбасыға көмек етті
Тәртіп сақшылары төрт баласы бар отбасыға азық-түлік апарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Шарбақты ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық қамқоршылық бөлімімен бірлесіп, балалардың қамқорлығындағы қолайсыз отбасылар бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. Рейд барысында төрт баласы бар аз қамтылған отбасы анықталды. Ата-анасы ішімдікке салынбайтын, үйін тазалықта ұстайды. Мойнында несиесі бар жалғыз әкесі ғана жұмыс істейді, оның өзінде төмен жалақы алып тұрады. Тәртіп сақшылары отбасыға азық-түлік сатып алып, балаларды тәтті сыйлықтармен қуантты. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасына тағы не қажет екенін білу үшін әңгімелесу жүргізді.
– Халықпен тікелей диалог-жұмыстың сервистік моделі қағидаттарына негізделген полиция қызметіне қазіргі заманғы көзқарастың қажетті құрамдас бөлігі. Біз кез-келген уақытта қамқорлық жасауымыз керек және мұқтаж адамдарға мұқият болуымыз керек. Бұл кәсіби және азаматтық борыш, – дейді Шарбақты аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Абдулхамидов.
Балалардың атынан анасы полиция басшылығы мен жеке құрамына шын жүректен алғысын білдіріп, қызметкерлерге зор денсаулық пен қызметте табыс тіледі.
Фото: Константин Шелков