SIM-карта: Павлодарда жасөспірім бір қателігін екі рет қайталаған
Полиция ескертуі оны райынан қайтара алмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны 31,4 пайызға азайды. Былтыр осындай 51 дерек тіркелсе, биыл көрсеткіш 35-ке дейін төмендеген.
Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, оң динамикаға қарамастан, жастардың интернет-алаяқтыққа тартылуы алаңдатып отыр. Талдау қорытындысы бойынша, мұндай схемаларға көбіне 16 жастан асқан колледж студенттері араласады.
– Жылдам табыс табуды көздеген жастар банк карталарын, телефон нөмірлері мен SIM-карталарын интернет-алаяқтарға береді. Алайда мұның соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіне бермейді, – деді Азамат Күркебаев.
Осындай оқиғалардың бірі өңірде тіркелген. Қыркүйек айында киберпол қызметкерлері бір колледж студентінің SIM-картасы арқылы SIM-бокс құрылғысына қосылған қоңыраулардың басқа абоненттік нөмірлерге бағытталғанын білген.
Алғашында құқық қорғау органдары оған ескерту жасап, телефонын тәркілеген. Сонымен қатар, ата-анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алайда шамамен екі айдан соң жасөспірім басқа смартфон тауып, нөмірін қайтадан алаяқтарға пайдалануға берген. Нәтижесінде оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Полиция өкілінің сөзінше, профилактикалық шаралардан нәтиже шықпай, жас жігіт бұрынғы ісін қайталаған. Қазір полиция, прокуратура және білім беру ұйымдары жастарды мұндай қылмыстық схемалардан сақтандыру, құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуде.