«Төрт түлік» мобильді қосымшасы павлодарлық фермерлерге де қолжетімді
Аталмыш қосымша ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған бірегей жоба, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ветеринария басқармасының мәлімдеуінше, елімізде ауыл шаруашылығын цифрландыру белсенді түрде дамып келеді. Фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылық иелері үшін пайдалы құралдардың бірі — «Төрт түлік» мобильді қосымшасы іске қосылды.
- Бұл қосымша ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу және бақылау үшін жасалған. Қосымшаның мақсаты - мал басын электронды түрде есепке алуға, тіркелген жануарлар туралы нақты ақпаратты, малдың сәйкестендіру деректерін қадағалауға, қағазбастылықты азайтуға, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.
Қосымша жеке қосалқы шаруашылық иелеріне, фермерлік және шаруа қожалықтарына, ауыл тұрғындарына, ветеринария саласының мамандарына таптырмас көмекші.
«Төрт түлік» мобильді қосымшасы смартфондарда жұмыс істейді және интерфейсі қарапайым. Арнайы техникалық білімді қажет етпейді, кез келген уақытта қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Әрі мал шаруашылығын цифрлы есепке алуда, саланың дамуына ықпал етуде, аурулардың алдын алуда, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыруда маңызы рөл атқарады.
Мамандардың айтуынша, қосымша - ауыл тұрғындары мен фермерлер үшін сенімді цифрлық көмекші. Қосымшаны пайдалану арқылы әрбір мал иесі Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қоса алады.