Тартылудан тартыс: Павлодарда Спорт күніне орай мықтылар анықталды

Тартылудан тартыс: Павлодарда Спорт күніне орай мықтылар анықталды
Фото: Константин Шелков

Орталық жағалауда «Тартыл FEST» ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Турникке тартылудан өткен спорттық жарыс Спорт күні мен Шекарашы күніне арналды. Ұйымдастырушы – «Ұмтылған қаһармандар» жобасының үйлестірушісі Сапаргелді Абдрашев.

– Бүгінгі спорттық сайыс биылғы жобамызды қорытындылайды. Облыстың ашық біріншілігіне үш топ қатысып жатыр: 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 18-29 жас аралығындағы жастар және 30 жастан асқандар. Жүлдегерлер спорт комитетінің медальдары мен грамоталарын алады. Ал 18 жасқа дейінгі және 18 жастан жоғары топтың жеңімпаздарына полиция департаменті велосипед сыйлайды. Оларды марапаттаушылардың бірі – әлем рекордшысы, облыстың ең мықты гирешілері қатарындағы Нұрлан Көпбергенов, – деді Сапаргелді Абдрашев.

Жалпы орталық жағалауда 60 қатысушы жиналды. Сайыстың бас төрешісі – Шаррбақты ауданынан келген Өміржан Ошанов.

– Бұл фестивальді үшінші рет өткізіп отырмыз. Біздің ауданда мұндай жарыс 9 мамырда өтеді. Ал финал әдетте Спорт күні мен Шекарашы күніне сәйкес келеді. Қатысушыларға қойылатын басты талап – тартылу тербеліссіз, айласыз орындалуы тиіс, – деп атап өтті төреші.

Күндіз жағалауда іріктеу кезеңі өтеді. Әр жас санатынан бес адам финалға шығады. Ал кешке өңірдің басты сахнасында – «Ertis Promenade» алаңында жарыстың шешуші кезеңі LED-экран арқылы онлайн көрсетіледі.

Өткен жылғы сайыстың жеңімпазы Илья Иванов спортпен 18 жылдан бері айналысады. Қазір ол Павлодар зауыттарының бірінде өрт сөндіру қызметінде еңбек етеді. Турникке тартылуды колледж студенті кезінен бастаған. Ол үшін жақсы физикалық формада болу – қалыпты жағдай.

– Былтыр 32 рет тартылдым. Кез келген спортшы үшін ең қиыны – турникке ұзақ уақыт асылып тұру. Ол үшін қол саусақтарының күші өте мықты болуы керек. Егер асылып ұзақ тұра алсаң, тартылу да қиындық тудырмайды, – дейді Илья Иванов.

Стритлифтинг федерациясының негізін қалаушы Ерлан Оразалин бұл спорт түрінің денсаулыққа пайдасы жайында айтты.

– Бүгінде өңірдің дерлік барлық аулаларында турник бар. Онда жаттығу денсаулық үшін өте пайдалы. Турник – күшті нығайтып, ағзаны шынықтырудың қолжетімді тәсілі. Бұл жарысқа дайындалуға да мүмкіндік береді. Стритлифтингтің өз нормативтері бар. Яғни, аулада жаттыға жүріп, әлемдік аренаға шығуға болады, – деп атап өтті спорт ардагері.

Ең жас қатысушы – тоғыз жасар Газиль Ковтун төрт жасынан бері гимнастикамен шұғылданып жүр. Бүгін турнирде ол 13 рет тартылды. Оған салауатты өмір салтын ата-анасы дарытқан.

– Маған тартылған ұнайды, көп отырып-тұрамын, көп жаттығу жасаймын. Ата-анама рақмет, осы жерге алып келгені үшін. Болашақта кәсіби түрде спортпен айналысқым келеді. Қазір гимнастика мен футбол қатты ұнайды, – дейді Газиль.

Айта кетейік, сағат 17:00-де тұрғындарды таэквондошылардың «Чемпион рухы» атты күштік шоуы, «Тартыл FEST» финалы және өңірдің шекара әскері концерті күтіп тұр.