Екібастұздық әуесқой спортшы Бұғылы ультрамарафонын бағындырды

Екібастұздық әуесқой спортшы Бұғылы ультрамарафонын бағындырды
Фото: Вячеслав Килясов

Ол Қарқаралы ұлттық паркінің сұлулығымен 50 шақырым бойы тамсанып, жеңіс тұғырына да көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Qarqaraly Bygyly Trail жарысы биыл үшінші рет ұйымдастырылып, 600-ден астам әуесқой және кәсіби жүгірушілерді тартты. Қатысушылар арасында екібастұздық Вячеслав Килясов та болды.

Жүгіру үшін үш қашықтық ұсынылды: 10, 21 және 50 шақырым. Бірақ Вячеслав үшін бір күн жеткіліксіз болды. Ол екі күн қатарынан жүгірді: алдымен 50 шақырым, келесі күні жартылай марафонды еңсерді.

– Мақсат жеңіс емес, жарақатсыз жүгіру болды. Карқаралының тылсым табиғатын өз көзіммен көріп, саф ауасын жұттым. Менің жас санатымда, яғни 29 жасқа дейінгі қатысушылар аз болды, бұл жағынан жолым болды деп ойлаймын, – дейді Вячеслав. 

Маршрут Бұғылы бөгетінен басталып, Қарқаралы ауданының орман алқабы арқылы өтті. Жүгірушілер тек спорттық эмоция ғана емес, мәдени әсер де алды. Спорттық шара қазақстандық жұлдыздардың концертімен және отшашумен қатар келді.

– Кейбір қатысушылар бұғыларды кездестірді. Жарыс жолы бойынша қиындықтар болды: 50 шақырымдық қашықтықта GPS жиі істен шығып, белгілерді көрмей қалған сәттер де болды. Шамамен 40 адам орманда адасып, бір сағаттай уақыт жоғалтты. Бірақ трейл жүгіру жарысының ерекшелігі де осында, ол орман соқпақтарында мұқият болуға және әріптестерді қолдауға үйретеді. Біз алдын ала жабдықты дайындаймыз, тамақтануды сынаймыз, моральдық тұрғыда дайындаламыз және жарысқа қарсылас емес, команда ретінде шығамыз, – дейді жүгіруші.

Жүгірушілер үшін ұйымдастырылған «Музейдегі түн» жағымды тосынсый болды. Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің залдары спортшылар үшін арнайы ашылды. Вячеслав Вьетнам мен Испаниядан келген қатысушылармен танысты.

– Бұғылы жарысы жаңа таныстықтар ғана емес, өңір тарихын да ашты. Музей – нағыз қазына, жеті залы бар. Тас дәуірінен қазіргі Қарқаралыға дейінгі тарихпен таныстық. Әсіресе, түпнұсқа құжаттар мен аймақтың көрнекті тұлғалары жайлы материалдар әсер қалдырды. Жүгіріп қана қоймай, мәдени ләззат алдық, – дейді Вячеслав.

Нәтижесінде  ол қанжығасына үш медаль байлады.  Екі финишерлік және жас санатында ультрамарафондық қашықтықта қола жүлдеге ие болды. 50 шақырымнан астам қашықтықты бағындыруға 7 сағат 53 минут уақыты кетті.

Қазір спортшы туған қаласына оралды. Денсаулығын қалыпқа келтірумен қатар, жарыс жайлы YouTube-арнасына видеошолу әзірлеп жатыр. Алда оны Бурабайдың Ақбура паркінде тағы бір ультрақашықтық күтіп тұр.

Айта кетейік, биыл Жеңіс күніне орай Вячеслав Екібастұздан Павлодарға дейінгі 143 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Оның қоржынында экстремалды жарыстар бар. Атап айтқанда, Backyard Ultra (18 сағатта 122 шақырым), Іле өзені бойындағы Tengri Ultra, сондай-ақ Астанадағы алты және он екі сағаттық марафондар. Маусымда ол елордалық клубтың екі тәуліктің ультрамарафонын сәтті аяқтады.